forex trading logo

 

ОЙМАҚТЫ ОЙ:

«Ата-ананы, мейманды құрметтесең, Меккедей нұрға толар уйдің іші»

Шал ақын Құлекеұлы

«Ар-ождан алдындағы адалдық өз қадір-қасиетіне, ізгі іс-әрекетіңе байланысты»

Әбу Нәсір әл-Фараби


mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін175
mod_vvisit_counterКеше259
mod_vvisit_counterОсы аптада947
mod_vvisit_counterӨткен аптада2004
mod_vvisit_counterОсы айда7508
mod_vvisit_counterӨткен айда10272
mod_vvisit_counterБарлығы333278

Казир сайтта: 2
Сіздің адрес 54.198.205.145
,
Күні: 2017-06-29
ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ АТАНЫҢ АҚЫЛЫМЕН, АНАНЫҢ СҮТІМЕН БЕРІЛЕДІ

Адамның адамшылдығыақыл, ғылым, жақсы ата,

жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады.

Абай

Қазақ халқы қашан да ұрпақ тәрибесіне жіті көңіл бөлген. Атаның ақылымен, ананың ақ сүтімен дарыған қасиет кешегі Абайдай дана, Шәкәрімдей ғұлама, Шоқандай шоқтығы биік тұлғаларды қалыптастырды. Бүгінгі жаһандану дәуірі осы дәстүрлі құндылықтарымызға салқынын тигізуде. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген мәнді де, мағыналы нақыл қалдырды. Бұл күні бүгінге дейін құндылығын жоймады. Бүгінгі сұхбатымыз бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі, міндеті мен мақсатына, ұрпақ тәрбиесіндегі ескерер жайттарға арналмақ. Бұл мәселелердің мән-жайын Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, дінтанушы Кеңшілік Тышхан баяндайды.

 

 

– Ұлт келешегі ұрпақ тәрбиесінде деген сөзді жиі айтамыз. Жас буынның тәлім-тәрбиесі қай кезден басталады? Оның отбасылық және қоғамдық сипатын айтып берсеңіз.

– Кез-келген алдыңғы буын өзінен кейінгі ұрпақты тәрбиелейді. Тіпті, жан-жануарлар да өздерінің ұрпақтарын өмірге баулиды. Ақылды жаратылыс ретінде адам баласы саналы түрде өзінің ұрпақтарының қандай бағытта болғанын қаласа, соған қарай тәрбиелеу үрдістерін жүзеге асырады. Алайда, жастардың тәрбиесінде ықпал ететін факторлар көп. Әсіресе, қазіргі заманның жастары ақпараттық жетістіктер заманында өмір сүргендіктен тек қоршаған ортасының ғана емес, әлемдік деңгейдегі жаңалықтар мен бағыттардан хабардар. Тәрбиені біздің халқымыз тек жақсы мағынада қолданады. Ал негізінде жаман тәрбие түрлері де бар. Қазіргі заманда жастарға ықпал етуші тәрбие көбіне жағымсыз түрлері болып көрінгенімен жастық шақтың өзіндік құштарлықтары мен ерекшеліктері шеңберінде қарастырылатын болса табиғи жағдай болып табылады. Кейде үлкендеріміз қазіргінің жастары бұзылған деген сөзді жиі қолданып жатады, бұнымен толық келісуге болмайды. Себебі, ол буынның кезінде де үлкендер жастардың бұзылғанын айтқан болатын. Дегенмен, қазіргі кезде жастарды еліктететін жайттар көп.

Қазіргі нарықтың заманда жастар тәрбиесімен айналысу барынша күшке айналды. Олай болатыны, ата-ананың бос уақытының болмауы, білім мекемелерінің тәрбие істерімен салғырт айналысуы, интернеттің шектен тыс қол жетімділігі жастардың өз бағдарын, тәрбиесін өзі алуына түрткі болып отыр. Дәстүрлі құндылықтар шеңберінде, баланың тәрбиесіне немқұрайлы қарамайтын отбасылар да жоқ емес, бірақ бұлар некен-саяқ. Ал көбінесе қалалық жағдайда балалар тәрбиесінен көптеген кемшіліктер көрініп жатады. Бұл мәселені кешенді қарастыру керек. Яғни бұған тек бір жақты кінә арту дұрыс емес.

Жалпы, қазақта «баланы жастан, әйелді бастан» деген қанатты сөз бар. Ислам дүниетанымына салсақ, некенің адал болуынан бастап баланың тәрбиесіне әсер ететін факторлар бар. Сондықтан да ата-анасының рухани тазалығы, адал неке, адал тамақ, иманды отбасылық қатынастар, салиқалы орта – барлығы тәрбиенің оң бағытта қалыптасуына ықпал етеді.

Отбасыдан, жақындарынан жылылық сезінбеген балалар, өздерін сыртта қалыптастыруға тырысады, басқа жерден жылылық іздейді. Сол себепті ағымдардың құрығына, қылмыстық топтардың қатарына, қылмысқа ілініп жатады.

– Ресми АХАЖ деректерінде ажырасу статистикасы, өкінішке қарай, көп тіркеледі. Баланың толық отбасында тәрбиеленуі, жарым-жартылай әке немесе шеше жылуын сезінуі де жастардың болашағына із қалдырады. Жалпы, ажыраспаудың алғышарттары бар ма? Шариғатымыз бұл турасында не дейді?

– Отбасы өте үлкен бір жауапкершілік жүктейді. Қазіргі жеңіл өмір сүруге, немесе «еркін өмірге» үйренген жастар, отбасын құруға да жеңіл қарайды, сезімге басымдық береді, ал сезімдер барлық уақытты сенімді ақтай бермейді. Сол себептен, қазіргі жастар арасында ажырасу күннен күнге көбейіп барады. Жастарға тәрбие беретін ата-аналардың өзінен кейде тәрбиенің таба алмай жатамыз. Бұл өте өкінішті жағдай, осы отбасы мәселесінде дәстүрлік құндылықтарға оралу тиімді болар еді. Қыздарымызды жат жұрттық деп тәрбиелеу, олардың келген жеріндегі ауыртпалықтарға төзіп кетуіне көмектессе, ұлды отбасының жауапкершілігі арқалай алатын азамат ретінде қалыптастыру маңызды. Қазір бірнеше баласын асырай алмай әкелік міндетінен жалтарған ер азаматтар мен болмашы түсініспеушілік үшін қашып кетіп жатқан келіншектер көбейген. Мұның балаға тигізер зардабын екі тарап та жете түсініп жатқан жоқ. Сезіммен құрылған неке, сезіммен бұзылып жатыр. Бұрынғы ата-аналарымыз қыздарын барынша ажырастырмауға тырысып, өз үйіне жиі келмеуін, ерінің көңілін табуын талап ететін. «Тас түскен жеріне ауыр» деген қанатты сөз осыдан шықса керек. Ал қазіргі кейбір ата-аналарымыз «ішіме сыйған қызым сыртыма да сияды» деген жалаң түсінікпен ажырастырып алуға бейім тұрады. Бұл бір қарағанда жанашырлық болғанымен, ұрпаққа жасалған қиянат. Әкесіз өскен ұл мен шешесіз өскен қыздың қатарын көбейтуде. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейтін халқымыз, әкенің тәрбиесі мен шешенің мейірімінен кенде өскен ұрпақтан көп қайыр болмасы хақ. Демек, бұл мәселеде құқықтан гөрі құндылыққа, моральға көп жүгінген дұрыс-ау.

– Отбасындағы әке мен ананың рөлі қандай болуы керек? «Тәрбие тал – бесіктен» десек, осы тәрбиені беретін ата-анаға жүктелер жауапкершілік қандай?

– Ғабиден Мұстафин ағамыз: «Балаңды дүниеге әкелген екенсің, оны баули да біл!» демей ме?! Баланы өмірге толық отбасында әкеліп, оның толық отбасында әке-шешенің тәлім-тәрбиесі мен мейіріміне бөленуінен артық бақыт та, тәрбие де жоқ. Балаға, меніңше, ерекше бір жүйемен тәрбие беріп, оны әртүрлі талаптармен шаршатудың қажеті жоқ. Дана халқымыз «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демей ме, балаға тек үлгі болу керек. Ата-ананың арасындағы сүйіспеншілік, сыйластық, адалдық, кешірім – осының барлығы баланың да бойынан табылады. Демек, сөзбен емес, іспен тәрбиелеуіміз керек. Ұрсу, ұру, кемсіту, қорқыту балаға тәрбие бола алмайды, керісінше, өскен соң сол көрген қатыгездігінің өшін алуға талпынатын ұрпақтың пайда болып, өзі дүниеге әкелген ата-анаға қол жұмсауы, үйінен безіп кетуі қазір таңсық түсінік емес.

Уақытша күйбең тіршілікте баланы ешкімнен кем қылмай өсіруді тәрбиемен шатастырып жатамыз. Ал ертең сол олқылықтың орнын толтыру мүмкін болмайды. Негізінен, сәби есін жиғанша ата-ананың қасында тәрбиеленуі маңызды. Қазір дүниеге әкеле салып жұмысқа шыққан аналар, баласының тәрбиесін бақташы  немесе балабақшаға, одан кейін мектепке тапсырады. Бұл жерде орасан, орны толмас тәрбие бостығы пайда болады. Себебі, анасы мен әкесінің кім екенін бойын толық сіңірмеген бала, олардан қалай мейірім көрмеген болса, оларға да мейірім жасамайды. Қазіргі қарттар үйінің қатарын толтырып жатқан осындай мейірімнен кенде өскен балалардың ата-аналары.

– Мектептегі баланың оқу үлгерімі мен тәрбиесіне мұғалімдерді немесе ата-аналарды жауапты қылу немесе кінәлі етіп тану жиі көрініс тауып жүр. Кей ата-ана, жасыратыны жоқ, балаларына «шаң жуытпай», ұстаздарға «доқ көрсетеді». Осы мәселе неден туындайды?

– Бұл да қазіргі «өркениеттіліктің» әкелген зардабы. Алдымен, ұстаздың ұстаз деген атқа лайық бола алмауы. Баланы тек қабағымен тәрбиелейтін небір ұстаздарымыз бар, бірақ барлығы ондай емес. Өздерінің оқушы алдындағы беделін түсіріп алғандар көп. Сол себепті апай ретінде одан именбейді. Екінші бір себеп, өзіңіз айтқандай, ата-ананың баласын «жақсы көріп», оны сүттен ақ, судан таза деп есептеуі, ол үшін барлық қиыншылықтар мен қарсылықтарды жеңуге талпынысы кейде орынсыз қолданылып, баласының тәрбиесі мен қылығы үшін басқаларды кінәлауға ұрынып жатады. Бұл ең сорақы тәрбие, өзінің қателіктерінен сабақ алмаған бала, өзінің ісін дұрыс деп ойлайды да, тәрбиесіздігін, мұгәлімнің әлсіздігі түсінеді.

– Бүгінгі қоғамды алаңдатқан мәселенің бірі – жастар арасындағы суицид. Осы дерт жас баланың ақыл-санасын қалай жаулайды, оларды бұл қадамға тартатын қандай күш?

– Өзіне-өзі қол жұмсау теріс тәрбиенің нәтижесі деуге болады. Молшылықта өсірген ұрпақ таршылықтың не екенін біле бермейді. Ал алдынан шыққан кішкене дағдарысты өміріндегі ең үлкен кедергі деп қабылдаған жас буын сол жерде өміріне қол салады. Бұған қазіргі әлеуметтік желінің де «үлесі» орасан. Балалар мен жастар өздері сияқты замандастарының өміріне, олардың ұстанымдарына қызығушылықпен өседі. Осы кезде кейбір қатарластарының мұндай қадамға баруы оларға да ой салады. Кейін қандай да бір қиыншылық, түсінбестік орын ала қалған кезде оған қарсы күресуді білмегендіктен, сол жерде жеңіледі. Бір ғана шешім «өлім» деп ойлайды. Сондықтан, дүниетаным, руханият, имандылық ұғымдарының орны ойсырап тұрған жастарда бұл індеттің белең алуы заңдылық. Қазір барлық нәрсені материямен өлшейтін ата-аналардың өздері балаларына қиыншылық кезінде қандай өмірге талпыну керектігін үйрете алмайды. Соның кесірінен балалар, тіпті, мектеп қабырғасында өздеріне қол жұмсап жатыр, оларға жеткен ешбір әлеуметтік қиыншылық жоқ, олар әлеуметтік-материалдық дағдарыстан немесе рухани-имани дағдарыстан қол жұмсайды өздеріне.

Ислам діні бала тәрбиесін тереңнен алады, оның жеген тамағының адал болуы, ақ пен қараны, күпіршілік пен имандылықты түсіндіре отырып, Алланың аманат ретінде берген өміріне бей-жай қармауды, қандай жағдайда болмасын шүкіршілік ете білуді, бұдан да қиын кездерде өмір сүрген адамдардың ғибратты өмірлерін үлгі ете отырып, өмірді Алланың сынағы деп түсінуді, материалдық құндылыққа қарағанда рухани құндылықтың маңыздырақ екендігін дәріптеуді үйретеді. Осындай имандылық, дүниетанымдық құндылықтармен қаруланған ата-ананың баласы да, отбасы да кез-келген дауылға қарсы тұра алады. Қазіргі жетістік деп бағалайтын кейбір артықшылықтар діннің назарында құндылық саналмайды. Ұрпақ тәрбиесі, діндарлығы – атадан балаға мирас. Қоғамның бұзылуы да, тәрбиесінің жұтаң тартуы да азаматтардың көзқарасына байланысты. Өзінің сиырына бөтеннің жерінен шөп жегізбеген әкеден әл-Фараби сияқты даналар, баласын дәретсіз емізбеген анадан Абай сияқты хәкімдер дүниеге келеді. Ал ішімдікпен сусындап, шылыммен мауқын басқан ата-анадан кім дүниеге келуі керек? Мәселе осында. Тәрбие бастауы – біздің өзімізден, ата-аналардан.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жайық НАҒЫМАШ

 


Работает на Joomlatemplate. Designed by: joomla templates web hosting Valid XHTML and CSS.